
23 қараша күні Саран қаласының мәдениет үйінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының Қарағанды облысының өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Аида Есеналина және Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Марина Подгайнова мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Кездесу барысында спикерлер ауқымды жобаның кезеңдеріне баса назар аударып, оқылған кітаптар тізімі мен ұпай көрсеткіштері туралы кеңінен мағлұмат берді. Әрі осы бағытта қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, туындаған қиындықтардың нақты шешу жолдарын ұсынды.
- Әрбір оқырман үшін бұл марафонның әсері ерекше. Әсіресе, барлығыңыз ата-ана болғандықтан, кітап оқитын баланың кітап оқымайтын баладан айтарлықтай ерекшеленетінін жақсы білесіздер. Сондықтан біздің мақсатымыз – өз үлгімізбен кітап оқудың қаншалықты қызықты екенін көрсету. Біз бәріміз бірлесе, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек, - деді «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының Қарағанды облысының өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Аида Есеналина.
Дәл сол күні спикерлер Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте де болып, білім беру саласының өкілдері мен оқушыларымен кездесті. Оларға да республикалық марафонға қатысу мүмкіндіктері атап өтіліп, сертификаттар мен берілетін арнайы белгілер туралы мәлімет айтылды. Бүгінде Саран қаласында барлық санат бойынша 2792 адам тіркеуден өтіп, республикалық марафонға қатысуда.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





