Бүгін: 29.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

25 жыл – тұтас бір ширек ғасыр. Осы уақыт аралығында хордың қоржыны 150-ден аса әнмен толығып, көптің жүрегінен ойып тұрып орын алды. Бүгінде жылдар сынынан сынбай, керісінше, шыңдалып, бірлігі бекемдей түскен ұжым әртүрлі деңгейдегі фестивальдердің, байқаулардың жүлдегерлері атанып, өнер ортасында зор құрмет пен абыройға ие. Оның барлығы үздіксіз ізденістің, шығармашылық жолында төгілген маңдай тердің, ең бастысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жемісі.

21 қараша күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының киелі сахнасында «Актасские зори» ардагерлер хорының 25 жылдық мерейтойына арналған «Әнмен өрілген 25 жыл» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды. Хор ұжымына облыстық мәдени – сауық және халық шығармашылығының ғылыми – әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Алтынай Нұрманбаева ізгі ниетін білдіре отырып, Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлының құттықтауы мен 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификатты табыс етті. Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдана Аскеева болса, Саран қаласы әкімінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, «Актасские зори» ардагерлер хорының мүшелері Ақтас кенті әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты кеште Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульжабаева хорға жоғары деңгейдегі сахналық шеберлігі және өнерге деген адалдығы үшін алғыс айтып, барлық қатысушыларға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және шығармашылық жолда жаңа табыстар тілеп, сый-сияпат көрсетті.

Шығармашылық кешке еркін күрестен Кеңес одағының спорт шебері, халықаралық турнирінің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұсабеков Аман Әбішұлы, Қарағанды қаласынан «Поющие сердца» хоры ән шашуымен келді. Бір қара шаңырақта біте қайнасып кеткен «Ақ шаңырақ» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта дамыту қоғамдық этномәдени бірлестігі мен «Якташлар» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшелері де хор ұжымына жүрекжарды тілегін арнады.

Тарихқа көз жүгіртсек, 2001 жылы құрылған «Актасские зори» ардагерлер хорының бастапқы атауы «Русская песня» хоры болған. Ең алғашқы жетекшісі Зорина Валентина Акимовна аға буын өкілдерінің басын қосып, аз уақыт ішінде 2001 жылдың 16 желтоқсанында хордың алғашқы концертін берді. 25 жыл өтсе де, бұл кездер Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында балалық шағын өткізген, сол жерде қызмет еткен, хордың құрылуына септігін тигізген, бүгінде белсенді мүшесі Бақыт Тажининаның есінде, күні кеше өткендей жадында жаңғыруда.

- Валентина Акимовна, көптеген әндердің, соның ішінде Саранның елу жылдығына арналған «Сарань», «Казахстан» және тағы басқа да әндердің авторы. «Русская песня» хоры оның көптеген туындыларын орындады. 2017 жылы Валентина Акимовна өмірден өтіп, хорға Мартбек Кәмелұлы Құлбай жетекшілік ете бастады. Ол біздің хорымызды 10 жылға жуық басқарып келеді. 2022 жылы хордың атауы алғашқы жетекшісінің есіміне және оның кеншілер кентіне арнаған «Актасские зори» атты авторлық әнінің құрметіне орай «Актасские зори» деп өзгертілді, - деп атап өтті Бақыт Тажинина.

Мартбек Кәмелұлы – тек «Актасские зори» ардагерлер хорының жетекшісі ғана емес, сондай-ақ жоғарыда атап өткен «Ақ шаңырақ» және «Якташлар» этномәдени бірлестіктерінің музыкалық жетекшісі. Оның жетекшілігімен ардагерлер хоры талай дүлдүл байқауларда бақтарын сынап келеді. Жыл сайын «Өнерім – өмірім» атты ардагерлер фестиваліне, Жеңіс күніне орай ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысып, қайырымдылық концерттерде өнер көрсетуде. Биыл «Шоқ жұлдыз» республикалық байқауда топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Хорға тек Ақтас кентінен ғана емес, Сараннан, Қарағанды қаласынан келетін 20-ға жуық аға буын өкілі белсене қатысады. Ұжым мүшелері әрдайым ізденісте жүргенді ұнатады. Топтан бөлек жеке орындаушы, дуэт, трио болып та сахнада ән айтуда. Мерейтойлық концертте олардың орындауында көптің көңілінен шыққан, сүйіп тыңдайтын алтын қоржындағы әндер шырқалды.

- Хор ұжымы әр түрлі тілдерде патриоттық, лирикалық және басқа да жанрдағы әндерді орындайды. Бірлігіміздің арқасында дайындықтарымыз қызықты өтеді десем де болады. Осы тұста атап өткім келеді, қол жеткізген әр жетістіктің артында - тынымсыз дайындық пен ұжым мүшелерінің еңбегі жатыр. Мерейтойда хор ұжымына, бізге әрдайым қолдау көрсетіп жүрген Майра Оразғазықызына, жомарт жандарға ризашылығымды білдіремін. Ұжымымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан қалпынан айнымай, шығармашылық табыстары мен жетістіктері арта берсін деп тілеймін. Алдағы уақытта да өнер жолында биік белестерді бағындырайық! Көрерменнің ыстық ықыласына бөлене берейік!,- деп алғысын білдірді «Актасские зори» ардагерлер хорының жетекшісі Мартбек Кәмелұлы.

Сонымен қатар, 25 жылдыққа арналған концерттік бағдарламада хордың жүріп өткен жолынан сыр шерткен бейнеролик пен фильм көрермен назарына ұсынылды. Өмірлерін өнерге арнаған аға буын өкілдеріне «Томирис» би ансамблінің бишілері, «Замандастар» триосы, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының қызметкерлері зор қолдау көрсетіп, әсерлі нөмірлерімен шабыттарына шабыт қосып, мерейлерін асыра түсті. Олар үшін 25 жыл сахнада ән айту – бұл жай ғана уақыт өлшемі ғана емес, бұл – талай белеске толы өнерге арналған ғұмыр, мыңдаған жүрекке жол тапқан әсем ән мен сансыз қошемет, ұмытылмас сәттер тарихы. Хор ұжымы осы тарихты көздерінің қарашығындай сақтап, жанардағы отты өшірмей, шығармашылық жолды бір-біріне аманат етіп келеді. Олар үшін халықтың ыстық ықыласы алға жетелейтін ұлы күш болса, ең үлкен бақыт – көрерменнің махаббаты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА