Бүгін: 29.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

65 жыл болса да, жалықпаймыз! Дәл осындай атаумен Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында кент мекемелері арасында көңілді тапқырлар алаңы өтті. Бұл есте қаларлық жарқын сәт мәдениет ошағының 65 жылдық тарихында өзіндік із қалдыратыны сөзсіз.

2026 жыл – Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығы үшін мерейлі жыл. Жыл басынан бері тағылымды іс-шаралар өтіп, әлеуметтік желі парақшаларында мәдениет үйінің тарихынан сыр шертілуде. Ал 14 қараша күні кент мекемелері арасында көңілді тапқырлар алаңы ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

Тапқырлар додасында №16 жалпы білім беретін мектептің атынан - «The Best» командасы, «Алёнушка» бөбекжайынан - «Дошкольный спецназ» және «Әдемі» бөбекжайынан - «Воспитатели в законе» командалары сахнада жарқырап, өзара бақ сынады. Олар төрт кезең бойы өз өнерін паш етті. Ең алдымен, «Сәлемдесу» кезеңінде өздерін таныстырса, ал «Ой сергіту» кезеңінде қызықты әрі күрделі сұрақтарға жауап беріп, тапқырлықтарын көрсетті. Тосыннан берілген тапсырманы небәрі жарты минутта орындау талабы қойылған «Импровизация» кезеңі кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Шешуші «Мәдениет үйіне музыкалық тарту» кезеңі өз атында тұрғандай шығармашылыққа арналды. Команда мүшелері мәдениет үйін мерейтойымен құттықтап, ізгі лебізін музыка мен әуен арқылы жеткізді.

Сонымен қатар, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының өнерпаздары: Маурер Валерия, Долгих Аника, Қырықбаева Жұлдыз, Султан Молдабеков және «Томирис» би ансамблі көрермендерді өздерінің әсем нөмірлерімен қуантты.

- Бұл мереке мәдениет үйі – ұрпақтар тоғысатын, жаңа идеялар туындайтын, таланттар ашылатын және шығармашылық атмосфера орнайтын орын екенін көрсете білді. 65 жыл - жарқын оқиғаларға, кездесулерге және ұмытылмас әсерлерге толы кенттің мәдени өмірінің тұтас тарихы. Алда көптеген мерейтойлар, жаңа жеңістер мен шығармашылық белестер болсын, - деп ізгі тілегін білдірді «Якташлар» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Альфия Святоха.

Қызықты әрі әсерлі өткен көңілді тапқырлар алаңының қорытындысы бойынша «Алёнушка» бөбекжайы I орынмен, «Әдемі» бөбекжайы II орынмен және №16 жалпы білім беретін мектебі III орынмен марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА