
13 қараша күні Саран қаласының мәдениет үйінде Қарағанды облысы жалпы білім беретін мектептерінің 6-10-сынып оқушылары арасында Сүлеймен Жаңбыршин нұсқасындағы «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқудан «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауының I кезеңі ұйымдастырылды.
Биыл облыстық байқауға 19 оқушы қатысты. Барлығы сақадай сай дайындықпен келіп, қобалжып тұрса да сахнада жеңіске деген жігерін көрсете білді. Оларға қойған басты талаптардың бірі - «Алпамыс батыр» жырын жаттап, көркем түрде жеткізе отырып, сөздері мен жолдарынан жаңылмау. Себебі, әділ қазы алқасы мүшесінің құрамында болған: Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің ардагер ұстазы Оралхан Бартаева, қалалық Аналар кеңесінің төрағасы, білім беру саласының ардагері Гүлжан Жүсіпбекова, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сабира Бакирова және қазылар алқасының төрағасы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов қатысушылардың дайындығын мұқият тексеріп отырды. Қазылар алқасының төрағасы Жансая Жаңғазыұлы оқушыларды кез келген жерден тоқтатып, сөздердің дұрыс айтылуына, көркем жеткізілуіне баса назар аударды.
- Бүгін «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына кеп отырмыз. Өзімнің былтырдан бері Серік Жалғас баламды осы байқауға шыңдап, дайындап жүрмін. Біз мамыр айынан бастап дайындалғанбыз. Содан бері 38 бетті толық жаттап кеп отырмыз, - деді шәкіртін байқауға әкелген №16 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жазира Садыкова.
Саран қаласында осымен екінші рет өткен байқауда сөз сөйлеген Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева атап өткендей, қалалық кезеңнен бірінші, екінші, үшінші орын алған балалар облыстық кезеңге жолдама алады. Әрі биыл облыстық кезеңнен бірінші орын алған бала – жүлде қоры бір миллион теңгеден бөлек, Алматы қаласында орналасқан СДУ университетінің білім грантына ие болмақ.
Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде, биыл «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқудан «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауының I кезеңінде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің үш оқушысы жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Айгерім Ерланқызы - 3-орын алса, Назым Жәрденбек 2-орын иегері атанды. Ал, бірінші орынмен былтыр да қалалық кезеңнен топ жарған 10-сыныптың оқушысы Ақнұр Кувандикова марапатталды.
- Облыстық «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының қалалық кезеңінде «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан үш оқушымның қатарынан І, ІІ, ІІІ орын иеленуі – жүйелі дайындықтың нәтижесі. Дайындық жұмыстары жаз айынан басталды. Оқушыларды дайындау барысында жырды мағыналық бөліктерге бөлу, тізбектей жаттау, күнделікті қайталау, мәнерлеп оқу, дауыс ырғағын дұрыс қолдану әдістері пайдаланылды. Жырдың мазмұнын түсініп, сезіммен жеткізуге ерекше мән берілді. Әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіліп, сахнада еркін сөйлеу, есте сақтау және өзіне сенімді болу дағдылары қалыптастырылды. Айта кетерлігі, Ақнұр былтыр да осы сайыста І орын иеленген болатын. Биыл 10-сыныпта Абай мектебінде білімін жалғастырып, жетістігін қайталады. Назым мен Айгерім де былтыр ІІ, ІІІ орындарды иеленген еді. Оларды 5-сыныптан бастап, түрлі сайыстарға қатыстырып, баптап келемін. Алғыр, зейінді, еңбекқор, жауапкершілігі бар мықты оқушылар. Биыл олардың нәтижесі жоғарылап, орындары ауысты. Жалпы, биыл бес оқушыны дайындадым. Соның үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Бұл – жаз бойғы ізденіс, үздіксіз еңбек, оқушының табандылығы мен ұстаздың жүйелі жұмысының ортақ жемісі, - деді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гульбаршын Уатхан.
Марапат төрінен көрінген жүлдегерлер қаржылай сертификаттармен және дипломдармен марапатталды. Облыстық кезеңге жолдама алған оқушыларға сәттілік тілейміз!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








