
12 қараша күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында қала әкімі Дарын Бұлқайыр тұрғындармен кездесті. Кездесуде қала басшысы алдымен атқарылған жұмыстар мен осы күнге дейін қол жеткізген нәтижелерге тоқталды.
Қазіргі уақытта Саран - индустриялық аймақ ретінде қарқынды дамуда. 2027 жылы 6 зауыт салу жоспарланып отыр. Алайда, алда атқарылатын жұмыстар да аз емес. Қала басшысы баяндамасында тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерге айрықша мән берді.
- Өздеріңіз білетіндей, орталық жылу көзіне, жергілікті қазандықтарға, жылу желілеріне арналған барлық жоспарланған дайындық жұмыстары толық көлемде аяқталды. Қала бойынша 7 жергілікті қазандық жұмыс істейді, - деді қала әкімі Дарын Бұлқайыр.
Одан бөлек, сумен жабдықтау, су бұру, кәріз желілері, жолдарды жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар да атап өтілді. Жалпы 28 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл кент жолдарына ерекше назар аударылса, келер жылы қаладағы көше жолдарын қалпына келтіруге басымдық берілмек. Сонымен қатар, Жамбыл, Кошевой, Чкалов көшелерінде және 3 шағын ауданында жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылды. РТИ-да жұмыстар жалғасады.
- Қалада сумен жабдықтау және су бұру бойынша 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Су құбыры желілерін қайта құру (3-кезек) аяқталуға жақын қалды. 83 км магистральдық желілер тартылды. Өткен жылы біз кәріз желілерін де қайта құруды бастадық. Жоба аясында ұзындығы 35 км болатын құбырлардың жекелеген учаскелерін ауыстыру, көшедегі өздігінен ағатын кәріз коллекторлары мен құдықтарды қалпына келтіру көзделген. Бүгінде 16,5 км желі төселіп, 480 құдық орнатылды. Бұрын орталық кәріз жүйесі болмаған үш көше оған кіргенін атап өткім келеді. Біз бұл жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді қала әкімі.
Өзекті мәселелердің бірі - электрмен жабдықтау да назардан тыс қалмады. Электр қуатының үзілу қаупін азайту үшін өткен жылы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басталған. Бүгінде жалпы ұзындығы 39 км болатын 495 жоғары вольтты желі тірегі, сондай-ақ жоғары вольтты және кабельді желілер ауыстырылды.
Биыл қаланың сырт келбетіне, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге қатысты тиісті шаралар қабылданды. Мәселен, Жамбыл көшесіндегі 11 қасбет жаңартылса, Ленин даңғылындағы екі тұрғын үйдің қасбетін жөндеу жұмыстары бүгінде аяқталды. Осымен жұмыстар тоқтап қалмай, әрі қарай да 2027 жылы жалғасатын болады. Әрі Жамбыл көшесі, 64, 66, 75, 77, 79, 83 және Абай көшесі, 11 мекенжайларында орналасқан 7 тұрғын үйдің шатырларын жөндеу жоспарланып отыр.
Білім беру саласына келетін болсақ, биыл қалаға қарасты 14 білім беру мекемесі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтті. Қала әкімі, ең алдымен, білім беру ұйымдарындағы өзекті мәселелерді шешуге баса назар аударды. Жылумен, сумен жабдықтау жүйелерін жақсартуға және санитарлық жағдайға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, «Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі берген мәліметіне сүйенсек, 23–30 қараша аралығында тұрғындардың, әсіресе, оқушылардың қатынауын қолайлы ету үшін және білім беру ұйымдарына уақытылы жетуін қамтамасыз ету мақсатында № 2, № 3 және № 3Д автобус маршруттарының қозғалыс кестесіне сынақ режимінде өзгерістер енгізілетін болады.
Қаланы абаттандыру және тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері 142 спорттық – бұқаралық іс-шаралар мен жарыстар өткізілді. Спорттық инфрақұрылымды жақсарту үшін Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, Саран қаласында «Сұңқар» стадионының аумағында заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталмақ.
Кездесуде қала әкімінің баяндамасы тыңдалған соң, тұрғындардың өтініш-тілектеріне кезек берілді. Көпшілігін қалпына келтіріп жатқан РТИ елді мекенінің алдағы тыныс-тіршілігі мазалады. Әкім онда атқарылатын жұмыс ауқымының көптігін жасырмады, мәселелердің шешу жолдарын талқылап, орындалу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ, жауапты мекеме мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалайтынын жеткізді. Кездесу аяқталғаннан кейін, қала әкімі жеке қабылдау өткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА






